«Қазавиақұтқару» тікұшағы Павлодардан Астанаға ауыр науқас жасөспірім қызды шұғыл жеткізді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Реанимация бөлімінде дәрігерлер жасөспірімнің өмірі үшін күрескен. Олар қызға астаналық клиникада мамандандырылған медициналық көмек қажет екенін хабарлады. Медиктер баланың жағдайын ауыр деп бағалады.
«Науқаста жүйелі аутоиммунды ауру аясында бүйректің жедел зақымдануы және бүйрек жеткіліксіздігі дамыған. Жағдайдың ауырлығына байланысты одан әрі мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін санитарлық авиациямен республикалық клиникаға жеткізу ұйымдастырылды», — деп хабарлады Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, әуе кемесінің экипажы Астана — Павлодар — Астана бағыты бойынша жедел ұшып шыққан.
«Ұшу барысында санитарлық авиацияның медициналық бригадасы 2009 жылы туған науқастың жағдайын үнемі бақылап отырды», — деп атап өтті ведомствода.
Бұған дейін «Курсив» Степногорск қаласынан Көкшетау ауруханасына он жасар баланы эвакуациялау туралы хабарлаған болатын. Сондай-ақ ТЖМ тікұшағы Жетісу облысында үш күндік нәрестені құтқарды.
