Павлодар облысындағы "Aqtogai Milk" ЖШС-де алты жұмысшының қаза болуына әкеп соққан топтық жазатайым оқиғаға жүргізілген арнайы тексеру аяқталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тексеру барысында жұмысшылардың бірі кәріз құдығында күкірт сутегінен уланғаны анықталды. Оған көмек көрсетуге ұмтылған басқа жұмысшылар да құдыққа кезекпен түскен. Салдарынан бір-бірін құтқаруға тырысқан алты жұмысшы күкірт сутегінің әсерінен қаза тапты.
Министрліктегілердің мәліметінше, жұмысшылар қауіптілігі жоғары жұмыстарды қауіпсіз орындау бойынша тиісті оқудан өтпеген, қажетті жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілмеген. Сондай-ақ кәріз құдығындағы жұмыстарды ұйымдастыру кезінде, оның ішінде авариялық жағдай туындаған және құтқару жұмыстары жүргізілген кезде қауіпсіздіктің қажетті деңгейі қамтамасыз етілмеген.
Үкіметтік комиссияның жұмысы қорытындысы бойынша жұмыс беруші – "Aqtogai Milk" ЖШС 100 пайыз кінәлі деп танылды. Арнайы тексеру нәтижесінде жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайлары айқындалып, жауапты лауазымды тұлғалар белгіленді. Сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою және алдағы уақытта осындай жағдайларға жол бермеу жөнінде ұсынымдар әзірленді.
Еске сала кетейік, 20 шілдеде Павлодарда жұмыс орнында 6 жұмысшы қаза болды. Олар кәріз құдығына түсіп, уланып қалған.
