Павлодарда ер адам жедел жәрдем бригадасына шабуыл жасап, реанимобильді талқандады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 10 маусым күні Назарбаев көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында болған.

Сағат 14:57-де жедел жәрдем пультіне өтіп бара жатқан адамнан қоңырау келіп түскен. Ол белгісіз ер адамның көшеде жатқанын хабарлаған.

«Оқиға орнына жету 9 минутты алды. Медиктер ер адамға көмек көрсетуге тырысқанда, ол агрессия танытып, бригадаға пышақ көтеріп, оларға шабуыл жасады. Белгісіз адам жүргізушіні жұдырықпен ұрып, реанимобиль салонына кіріп, дәрі-дәрмектері бар ампулаларды сындырып, медициналық қобдишаны лақтырып тастады», — деп хабарлады ведомстводан.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, жедел жәрдем қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық немесе қауіп төндіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ер адам ұсталып, арнайы мекемеге орналастырылған.

Еске сала кетейік, жыл басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық пен қауіп төндіру үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтетін заңға қол қойған болатын.

Өмір мен денсаулыққа қауіп төндірмейтін зорлық-зомбылық үшін 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл, түзеу жұмыстары, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе екі жылдан үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер зорлық-зомбылық өмір мен денсаулыққа қауіп төндірсе, жаза бес жылдан он жылға дейін, ал ауырлататын мән-жайлар болса, жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыруды қамтиды.

Бұған дейін «Курсив» Қостанайда пациенттің дәрігерге шабуыл жасағаны, ал Екібастұзда мас компанияның дәрігер мен медбикені аяусыз ұрып-соққаны туралы жазған болатын.