Павлодар қаласындағы банк бөлімшелерінің бірінде тортқа жасырылған петарда жарылды. Екі зейнеткер жеңіл жарақат алды, деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Полицияға оқиға туралы хабарлама шамамен сағат 16:00-де түскен. Алдын ала мәліметтер бойынша, ер адам мен әйел телефон алаяқтарының құрбаны болған.
Бұған дейін зейнеткерлер жалған инвестициялық жобаларға ақша салып, ақшасынан айырылған. Осы факті бойынша полиция тергеу жүргізуде. Дроппер рөлін атқарған тұлғалар анықталып, жауапкершілікке тартылды, сот арқылы ұрланған қаражатты қайтару шаралары қабылдануда.
Кейін қылмыскерлер құрбандарға қайта хабарласып, ақшаны қайтару сылтауымен оларды торт пен петарда сатып алуға көндірген.
«Психологиялық әсер ету әдістерін қолдана отырып, олар зейнеткерлерді торт пен петарда сатып алуға көндірді. Алаяқтардың нұсқауларын орындап, зейнеткерлер тортқа салынған петарданы жағып жіберді», — деп хабарлады полиция.
Жарылыс салдарынан екі зейнеткер де жеңіл жарақат алды.
Оқиға бойынша қылмыстық істер қозғалды. Құқық қорғау органдары күдіктілерді анықтау және ұстау үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізуде.
Полиция алаяқтардан зардап шеккен адамдардың қайтадан алдануы мүмкін екенін ескертті. Қылмыскерлер ақшаны қайтару, өтемақы, дивидендтер немесе ірі ұтыс уәде етуі мүмкін.
Құқық қорғаушылар банк қызметкерлері, мемлекеттік органдар, полиция және инвестициялық компаниялар қауіпті әрекеттерді орындауды, ақша аударуды немесе бейтаныс адамдардың телефон нұсқауларын орындауды талап етпейтінін еске салды.
Бұған дейін «Курсив» алаяқтар Қостанайлық зейнеткерді депозиттен 2,5 млн теңге алып, оны долларға айырбастап, Түркиядағы «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіргені туралы жазған. Операция банк қызметкерлері мен полицияның арқасында тоқтатылған.
