Павлодар облысында 26 жастағы ер адам үш жасар қызын азаптап, өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Үкімді Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шығарды. Іс материалдары бойынша, қастандық 2025 жылғы қыркүйекте Павлодар облысының Осьмерыжск ауылында болған. Ер адам әйелі мен екі кәмелетке толмаған баласымен бірге тұрған.

Қайғылы күні ол үйіне мас күйінде оралып, үш жасар қызын ұрып-соққан, содан кейін оны көршісінің моншасына алып барған. Тергеу нұсқасы бойынша, монша алдында ер адам баланы көтеріп, бетон еденге қатты лақтырған. Қыз есін жоғалтқан. Әкесі оны ауруханаға өзі жеткізген, бірақ дәрігерлер баланы құтқара алмаған.

Қайтыс болған қыздың анасы сотта қызының некеде туылғанын және бастапқыда отбасында бәрі жақсы болғанын айтқан. Алайда ұлы туылғаннан кейін ер адам ішімдік іше бастап, қызына деген қарым-қатынасы өзгерген, оны өз қызы емес деп мәлімдей бастаған. Сот дәл осы негізде ер адамның балаға жүйелі түрде қатыгездік танытқанын анықтады.

Айыптау бойынша, 2025 жылғы қаңтардан қыркүйекке дейін қыз үнемі физикалық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Оның ішінде ер адам оны түнде кереуетке байлап, мезгіл-мезгіл ұрып отырған. Сот-медициналық сарапшылар баланың денесінен әр уақытта алынған 36 дене жарақатын тапқан. Айыпталушының қыздың кір жуғыш машинадан құлап жарақат алды деген нұсқасын сарапшылар жоққа шығарды.

Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Айтбаев іс барысында қыздың беті мен аяғындағы соққы іздері бар фотосуреттері зерттелгенін хабарлады. Олар айыпталушы мен оның әйелінің ұялы телефондарынан табылған.

Айыпталушы азаптау бойынша айыпты ішінара мойындаған, бірақ қасақана кісі өлтіруді жоққа шығарған. Ол қызының өлімі абайсызда болды деп мәлімдеген. Сот бұл дәлелдерді негізсіз деп тапты. Жеңілдететін мән-жайлар ретінде соттылығының болмауы, тұрғылықты жері мен жұмысы бойынша оң мінездемелер танылды. Ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстардың мас күйінде жасалуы танылды.

«Сот К.-ны Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы («Кәмелетке толмаған, дәрменсіз күйдегі адамды азаптау») және 99-бабы 3-бөлігі («Кәмелетке толмаған баланы аса қатыгездікпен өлтіру») бойынша кінәлі деп тануға үкім шығарды. Қылмыстардың жиынтығы бойынша түпкілікті жаза ретінде өмір бойы бас бостандығынан айыру тағайындалсын, жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің ерекше қауіпсіздік мекемесінде өтесін», — деп үкімді жариялады судья.

Сонымен қатар, сот айыпталушыны қайтыс болған қыздың анасына моральдық зиян үшін 5 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді. Үкім түсіндіріліп жатқанда айыпталуыш есін жоғалтты. Конвойлар оны сот залынан қолтықтап шығаруға мәжбүр болды.