Павлодарда салмағы 600 грамм болып шала туған нәрестенің жамбас сүйегі сынған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға туралы БАҚ беттерінде баланың ата-анасы хабарлады. 23 қазанда баланың жамбас сүйегі сынғанын дәрігерлер айтқан. Олар бұл баланың денесі тырысқанда болды деп түсіндірген.

Оқиғаға қатысты Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді. Бала қазір облыстық №1 перинаталдық орталықта ем қабылдап жатыр.

«Бала өте төмен дене салмағымен – шамамен 600 грамм болып дүниеге келген. Мұндай балаларды күтіп-баптау күрделі әрі ұзақ жұмыс. Ықтимал асқынулардың бірі – шала туған нәрестелердің остеопениясы, яғни сүйек тінінің минералдануының төмендеуі. Бұл жағдай 30–55% жағдайда кездеседі және аяқ-қолдардың әдеттегі қозғалысы кезінде де сүйектердің өздігінен сынуына әкелуі мүмкін», - дейді басқармада.

Орталық әкімшілігі ата-аналар мен туыстарының алаңдаушылығына түсіністікпен қарайды және баланың жағдайы мен медициналық бақылаудың ерекшеліктері туралы оларға тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді, дейді дәрігерлер.

«Шала туған балаларды күтіп-баптаудың ерекшеліктеріне түсіністікпен қарауды, сондай-ақ түсініктемелерде асығыс қорытындылар мен негізсіз бағалаулар жасаудан аулақ болуды сұраймыз. Павлодар облыстық №1 перинаталдық орталығы» ШЖҚ КМК әрбір кішкентай пациентке білікті медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда», - дейді аурухана мамандары.