Павлодарда қайнаған суға толы шұңқырға құлаған ер адамға өтемақы төленді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға ер адам төрт жасар баласымен серуендеп жүрген кезде болған. Кенет оның астындағы тротуар опырылып, павлодарлық қайнаған суға толы шұңқырға құлаған.
Зардап шеккен адамның аяғы күйіп, дененің 7 пайызы зақымданған. Қазір ол ауруханада жатыр, жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде бағалануда. Бала зардап шеккен жоқ.
Жылу желілері мамандары апаттың себебі жылу трассасындағы ақау болғанын мәлімдеді. Бұл учаске соңғы рет 15 жыл бұрын жөнделген. Оқиғадан кейін зақым жойылып, шұңқыр құммен толтырылды.
Кәсіпорын ер адамға өтемақы төледі, алайда оның мөлшері жарияланбады. Жылу желілері директорының айтуынша, зардап шеккен адамның компанияға ешқандай талабы жоқ.
Сонымен қатар, Павлодардағы жылу желілерінің тозуы 87 пайызға жетеді. Жазда құбырлар арқылы температурасы шамамен 65 градус су беріледі, ал қыста ол 110 градусқа дейін жетуі мүмкін.
«Павлодар жылу желілері» ЖШС директоры Анатолий Моисей кәсіпорын барлық жерасты құбырларының жағдайын күнделікті тексере алмайтынын мәлімдеді.
«Біздің жылу желілерінің ұзындығы 400 шақырымнан асады, оның ішінде тармақтар да бар. Жер астында жатқан осы құбырдың бәрін алдын ала болжау мүмкін емес... Ол бізде күнделікті айналып өтіп, құбырдың жағдайын бақылап, қандай да бір шаралар қабылдай алатын арнада жатқан жоқ. Мұнда ешкім кепілдік те бере алмайды. Осыған қатысты барлық жұмыстарды қазір жүргізіп жатырмыз», — деді Моисей.
