Павлодардағы дарынды балаларға арналған №3 гимназияның оқушысы туберкулезге шалдықты деген күдікпен ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқушының ауырғаны туралы мәлімет 7 қазанда белгілі болған. Қыз Павлодар облыстық фтизиопульмонология орталығына жіберілген. Қазіргі жағдайы қанағаттанарлық, ол медициналық көмек алып жатыр.

Сынып оқушыларына Манту сынамасы жүргізілді. Сондай-ақ оқу кабинеттері мен ортақ пайдаланылатын орындарда дезинфекциялық өңдеуді қоса алғанда, қажетті профилактикалық іс-шаралар өткізілді, деп хабарлады облыстық білім басқармасы.

Сонымен қатар флюорографиялық тексеруден өту мерзімі келген қызметкерлер тиісті тексеруден өтеді. Білім басқармасының мәліметінше, жоспарлы профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр.

Гимназияда дезинфекциялық құралдармен ылғалды тазалау жүргізіліп, сынып бөлмелері үнемі желдетіліп тұрады.