Павлодарда өгей қыздарына зорлық жасап, АИТВ (ВИЧ) жұқтырған 48 жастағы ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сот отырысы жабық өтті. Сотталушыға Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігімен және 120-бабының 4-бөлігімен — «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» және «Зорлау» баптары бойынша айып тағылды.

Сот мәліметінше, оқиға былтыр көктемде болған. 48 жастағы ер адам мүгедектігі бар және үйде оқитын 10 және 11 жастағы әпкелі-сіңілі екі қызды зорлаған.

Қыздардың анасы 2018 жылдан бастап сотталушымен қарым-қатынаста болған. Осы уақыт аралығында әйел қыздарын ер адамға сеніп қалдырып кетіп жүрген.

Сот үкімімен ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын төтенше қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.