Павлодарда 52 жастағы кәсіпкер Асұлан Нұрмағамбетовті аса қатыгездікпен өлтірген ер адам 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Асұлан Нұрмағамбетов былтыр 21 ақпанда із-түзсіз жоғалып кеткен. Кейін оның мәйіті табылды.

Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының материалына сәйкес, сол күні сағат 18:55 шамасында жәбірленуші өз көлігімен сотталушымен кездескен. Әңгіме барысында ер адам 84 миллион теңге қарызын қайтара алмайтынын айтып, күте тұруын сұраған.

Кейін екеуі гаражға барған. Сол жерде қарызды қайтару мәселесіне байланысты жанжал шыққан. Сотталушы жәбірленушіні өлтіру туралы шешім қабылдап, аңшылық пышағын алып, оған 22 рет пышақ сұққан. Жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған.

Сотталушы серіктесінің көлігін гаражда қалдырып, Ресейге қашып кеткен.

Іс 29 қыркүйекте Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Оған адамды аса қатыгездікпен қасақана өлтірді деген айып тағылған. Сотталушы кінәсін ішінара мойындап, жасаған әрекетіне өкінген.

Оның асырауында кәмелетке толмаған екі баласының болуы, сондай-ақ ауырлататын мән-жайлардың жоқтығы ескеріліп, сот сотталушыға 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.