Павлодар облысында үш жыл бұрын бүкіл Қазақстанда әрекет еткен HAS финпирамидасынан тағы 139 зардап шегуші анықталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Финпирамида Қазақстанда 2022–2023 жылдары жұмыс істеген. Өткен жылы сот бес айыпкерді кінәлі деп танып, оларды 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруға соттады.
Сол кезде 376 зардап шегуші анықталған. Оларды жалпы сомасы 2 млрд теңгеден астам қаражатқа алдағаны белгілі болды.
Прокуратураның мәліметінше, топтың ұйымдастырушысы Солтүстік Қазақстан облысының тумасы болған. Ол серіктестерімен бірге Астана, Алматы, Павлодар, Екібастұз және басқа қалалардың тұрғындарының ақшасын тартқан.
Салымшыларға 70% дейін табыс уәде етілген, бұл ақша тартудың негізгі тәсіліне айналған.
Алайда үкім шыққаннан кейін прокуратура жұмысын жалғастырып, тағы 139 зардап шегушіні анықтады. Жаңа мән-жайлар бойынша тергеу жүргізіліп, іс қайтадан сотқа жолданды.
«Сотта мемлекеттік айыптаушы нанымды дәлелдемелер ұсынды, қылмыстық схеманың механизмін және оның зардап шегушілер үшін салдарын ашты. Азаматтардың мүліктік мүдделерін қорғауға және бұзылған құқықтарды қалпына келтіру қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Сот мемлекеттік айыптаушының ұстанымымен келісті: кінәлілер ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталды», — делінген прокуратура хабарламасында.
Жаңа деректерді ескере отырып, зардап шеккендердің жалпы саны 515 адамға, ал шығын сомасы шамамен 3 млрд теңгеге жетті. Қаражаттың бір бөлігі қазірдің өзінде өтелді.
Сотталғандардан қылмыстық жолмен алынған мүлік тәркіленді. Оның ішінде — Астана мен Павлодардағы пәтерлер, жер учаскелері, 18 автокөлік және 300 млн теңгеден астам қаражат.
Еске салайық, үш жыл бұрын «Курсив» HAS Holding финпирамидасының қазақстандықтарды қалай алдағаны туралы егжей-тегжейлі жазған болатын.
Салымшылар үшін міндетті шарт — 180 мың теңге сомасында тұрмыстық тауарлар сатып алу болған. Алынған қаражаттың бір бөлігі салымшыларға пайыз төлеуге жұмсалған. Бірақ бұл ақшаны ұйымдастырушылар пирамидаға қайта инвестициялауға көндірген. Алынған қаражаттың үлкен бөлігі ұйымдастырушылардың қалтасына түскен.
АФМ деректері бойынша, салымшылармен келісімшарттар «Upgrade-AS», Holding AS, «ХАС-Логистик», light-AS және басқа компаниялар атынан жасалған. Сонымен қатар финпирамида өзін сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын компания ретінде таныстырған.
