Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде алты оқушының денсаулығы сыр берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, оқиға 12 қазанда болған. Оқу кабинеттерінің бірінде жағымсыз иіс пайда болған.
«Сабақтан кейін алты оқушы өзін жайсыз сезінген. Тексеру нәтижелері бойынша олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды», — деп хабарлады білім басқармасы.
Мектеп әкімшілігі ішкі тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша жауапты қызметкерлерге тәртіптік шаралар қолданған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқушылар ауруханаға жатқызылмаған. «12 қазанда Павлодар облыстық балалар ауруханасына жағымсыз иістен уланды деген күдікпен үш бала жеткізілді. Олардың барлығын кезекші педиатр тексерді. Ауруханаға жатқызуға медициналық көрсетілімдер болмағандықтан, балалар амбулаториялық емге жіберілді. Ата-аналарына қажетті ұсыныстар берілді», — деп хабарлады дәрігерлер.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде 48 оқушы астан уланып, ауруханаға түскен болатын. Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті аталған мектепте санитариялық талаптардың сақталмағанын хабарлады.
