Павлодарда 30 жыл жұмыс істеген «Самал» бейімдеу орталығы жабылғаннан кейін 22 мүгедек жан бір жарым жылдан бері қажетті көмекті ала алмай отыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл ақпаратты Sputnik Қазақстан тілшісіне «Бала және отбасы» қоғамдық қорының жетекшісі Гүлмира Құрманғалиева растады.

Орталықтың жабылуы

Павлодардағы жекеменшік «Самал» бейімдеу орталығы мемлекеттік ғимаратты жалға алып, 30 жыл бойы мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсеткен. Алайда былтыр мұндай орталықтарға қойылатын талаптар өзгерген.

«Лицензиялаудың жаңа талаптары енгізілді. «Самал» бейімдеу орталығы бұл талаптардан өте алмай, ғимарат мемлекет меншігіне қайтарылды», – дейді Гүлмира Құрманғалиева.

Орталықта 100-ге жуық адам көмек алатын. Олардың бір бөлігі диагнозына қарай басқа орталықтарға орналастырылды. Ал 22 адам ешқайда орналаса алмай қалды.

«Бір жарым жыл бойы төрт қабырғаға қамалып, ешқандай көмек алмай отыр», – дейді қоғамдық қор жетекшісі.

Ғимараттың қолдан қолға өтуі

Қоғамдық қор жетекшісінің айтуынша, бұл 22 адам бұрын «Самал» орталығында белгіленген стандарттарға қарамастан көмек алып келген. Орталық диагнозына қарай бөлмей, оларға медициналық қызмет көрсеткен.

Босатылған ғимарат «Живое сердце» қоғамдық қорына берілген. Ол да оңалту қызметтерін көрсетуді жоспарлаған.

«Ғимаратты бізден кейін алған қоғамдық қордың лицензиясы да, тәжірибесі де жоқ. Естуімізше, ол тендерге қатысып, жеңіп алған. Алайда қор сол күйі жұмыс істемеді», – дейді Гүлмира Құрманғалиева.

Оның айтуынша, биыл 30 қыркүйекте ғимарат қайтадан мемлекет меншігіне өткен. Ғимарат әзірге бос тұр.

Адамдардың жағдайы

«Бұл ғимаратта енді не болатыны белгісіз. Өкініштісі, ғимарат қолдан қолға өтіп жүргенде 22 адам өткен жылдың сәуір айынан бері үйде қамалып отыр. Олардың арасында төсек тартып жатқан жеті жастағы бала бар. Әкесі күндіз жұмыс істейді, ал анасы түнгі ауысымда еңбек етеді. Бұл 22 адамның ешқайсысы қажетті оңалту қызметтерін алып жатқан жоқ», – дейді қоғамдық қор жетекшісі.