Павлодардағы №2 жылу электр орталығында (ЖЭО-2) төтенше жағдай болды: екі адам медициналық көмекке жүгінді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Павлодар ЖЭО-2-де №5 қазандық агрегатында іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде құбыр желісі зақымдалып, қысқа уақытқа акустикалық әсер (қатты дыбыс) пайда болды», – деп хабарлады «Павлодарэнерго» АҚ өкілдері.

Оқиға болған кезде №4 қазандық агрегатында мердігер ұйымның қызметкерлері күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Жұмысшылардың бірі құлағының бітеліп қалғанын және есту қабілетінің уақытша нашарлағанын айтса, екіншісі тобық тұсының ауырғанына шағымданған.

Медициналық мекемеде тексеруден өткеннен кейін жұмысшылар үйіне жіберілді. Ал облыстық еңбек инспекциясы жұмысшылар тарапынан шағым түспегенін мәлімдеді. Себебі олардың алған жарақаттары ауыр болмаған.