Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығы желіде тараған ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Азамат есімді санитардың пациенттерді ұратыны жайында ақпарат тараған болатын. Осыған байланысты қызметтік тексеріс жүргізілді.
Орталық директоры орынбасарының міндетін атқарушы Александра Бухаринаның айтуынша, Азамат есімді санитар №2 ерлер бөлімшесінде жұмыс істемейді. Бөлімшеде 45 пациент бар.
«Пациенттер тарапынан қызметкерлердің жұмысына және емделу жағдайларына қатысты ешқандай шағымдар мен наразылықтар түскен жоқ», - дейді Бухарина.
Ерлер бөлімшесінде тәулік бойы жұмыс істейтін бейнебақылау жүйесі де бар. 10 камераның жазбалары толығымен зерделенді. Желіде айтылған ақпарат расталған жоқ.
Орталық мекеме қызметкерлерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін және заңды мүдделерін қорғау үшін тексеріс материалдарын полицияға жіберуді жоспарлап отыр. Соның негізінде жалған ақпарат таратқан тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.
