Павлодар облысы Успен ауданы Қонырозек ауылында қатты жел мен жаңбыр салдарынан тұрғын үйлер мен электр желілері зақымданып, елді мекеннің бір бөлігі жарықсыз қалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, дауыл басталмас бұрын олар кішкентай құйынға ұқсас ауа айналымын байқаған. «Бұл торнадоға ұқсады», — деді ауыл тұрғындары.
Қатты желдің салдарынан үйлердің шатырлары жұлынып, ағаштар құлап, электр және телефон сымдары үзілді. Кейбір тұрғындар қоршаулары мен қақпаларынан айырылды, ал жеңіл құрылыстарды жел ауаға көтерді. Бір ауыл тұрғынының каркасты бассейнін жел ұшырып кетті.
Дауыл кезінде бір әйел үйдің есігін жабуға тырысып, жарақат алды. Жергілікті биліктің мәліметінше, ауыр зардап шеккендер жоқ.
Қонырозек ауылдық округінің әкімі Айтолқын Каирова дауыл ауылдың тек бір бөлігіне ғана әсер еткенін растады. «Жел жолақпен өтті, бүкіл ауылды шалып кетпеді. Қазір залалды бағалап жатырмыз, біз бәріміз осындамыз — ТЖД, аудан басшылығы. Шаралар қабылдап жатырмыз, электрмен жабдықтауды мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіруге тырысамыз», — деді ол.
Оның айтуынша, тұрғын үйлерден басқа, жергілікті Мәдениет үйі де зақымданған — ғимараттың шатыры шамамен 30 пайызға бүлінген.
Қазіргі уақытта мамандар келтірілген залалды бағалап, қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруда.
