Павлодар облысында мас күйінде көлік жүргізген әйелге пара алып, оның жазасын жеңілдету үшін жалған жүктілік анықтамасын жасап берген полицей сотталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Прокуратураның мәліметінше, Ақсу қаласында әйел адам құқығы жоқ және мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталған. Іс сотта қаралған кезде ол жүктілігі туралы анықтама ұсынған, соның арқасында қамауға алу жазасының орнына айыппұл салынған.

Кейін жүктілік туралы медициналық анықтаманың жалған екені анықталды. Тергеу барысында полиция бөлімінің қызметкері пара алып, әйелге жалған құжат жасап, оның қатаң жазадан құтылуына көмектескені дәлелденді.

Сот полицейді пара алу және әкімшілік іс бойынша дәлелдемелерді бұрмалау фактілері бойынша кінәлі деп таныды. Оған 6,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, өмір бойы мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Сотталған адам арнайы атағынан да айырылды, ал пара сомасы мемлекет кірісіне алынды.

Бұған дейін Арыста мас әйел көлік басқаруын жоғалтып, қоршаудағы орындықта отырған адамдарды қағып кеткен трагедияның мән-жайы белгілі болған еді. Салдарынан екі бала мен жүкті әйел қаза тапты.