Павлодар облысындағы «Қосәк» өткізу пунктінде 14 маусымда жүк көліктерінің көптігі байқалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің хабарлауынша, жағдай жеміс-көкөніс өнімдерін тасымалдаудың маусымдық өсуіне байланысты.

Ведомство күту уақытын қысқарту үшін өткізу пунктінің күшейтілген режимде жұмыс істейтінін атап өтті. Сондай-ақ қажетті шаралар қабылданып, жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл ұйымдастырылған.

«Күту уақытын барынша азайту үшін өткізу пункті күшейтілген режимде жұмыс істейді, қажетті шаралар қабылдануда, жергілікті атқарушы органдармен тығыз өзара іс-қимыл ұйымдастырылды», — деп хабарлады ҰҚК ШҚ.

Комитет Павлодар облысында «Шарбақты» және «Ұрлютөбе» халықаралық өткізу пункттері де жұмыс істейтінін еске салды. Солтүстік Қазақстан облысында «Жаңа Жол», «Қарақоға» және «Қызыл Жар» өткізу пункттері жұмыс істейді.

Сонымен қатар, тасымалдаушылар электронды кезек жүйесін пайдалана алады. Ол белгілі бір күнге бос орындардың бар-жоғын тексеруге және шекарадан өту уақыты мен орнын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. ҰҚК бұл өткізу пунктіне жүктемені азайтуға және процесс тасымалдаушылар үшін болжамды етуге көмектесетінін атап өтті.

«Қосәк» пунктінің шығу кезіндегі орташа өткізу қабілеті тәулігіне шамамен 200-220 жүк көлігін құрайды.

«Ағымдағы жағдайды ескеруді және балама бағыттар арқылы жүру маршруттарын алдын ала түзетуді сұраймыз», — деп қосты ҰҚК ШҚ.

Бұған дейін «Курсив» Ақтөбе облысындағы қазақ-ресей шекарасында да жүк көліктерінің кезегі пайда болғанын хабарлаған. Кептелістің себебі ресейлік тараптың көліктерді қабылдау қарқынының төмендеуі болды.