Павлодар облысында қос азаматтығы бар 27 адам анықталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, елде қос азаматтыққа жол берілмейді. Яғни, Қазақстан азаматы бір мезгілде басқа мемлекеттің азаматы бола алмайды. Егер Қазақстан азаматы өзге мемлекеттің азаматтығын қабылдаса, ҚР азаматтығы заңнамада белгіленген тәртіппен тоқтатылады.
Облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Александр Кузьменконың айтуынша, жыл басынан бері Павлодар облысында 398 азамат Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан. Көші-қон заңнамасын әртүрлі бұзғаны үшін 40 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың жетеуі республика аумағынан шығарылды.
Мәселен, 26 жастағы әйел 2015 жылдан бері көрші елдің азаматы бола тұра, бұл туралы полиция органдарына хабарламаған. Ал 29 жастағы тағы бір әйел көрші елдің азаматтығын алғанына қарамастан, мемлекеттік шекараны Қазақстан Республикасының паспортымен кесіп өткен.
Қазақстан азаматтығы туралы заңнаманы бұзғаны үшін азаматшалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл бап бойынша 432 250 теңге мөлшерінде айыппұл салу немесе ел аумағынан шығарып жіберу түріндегі жауапкершілік көзделген. ҚР азаматтығын жоғалтқан адамдардың осы елдің құжаттарын пайдаланғаны үшін 200 АЕК мөлшерінде, яғни 865 мың айыппұл қарастырылған, дейді облыстық көші-қон қызметінің басшысы.
