«Қазавиақұтқару» тікұшағы Павлодар облысындағы далада шұғыл қонуға мәжбүр болды, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігі. Оқиға Байдалы ауылынан бірнеше шақырым жерде болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тікұшақ 1950 жылы туған ер адамды табу үшін іздеу-құтқару операциясына қатысқан. Алдын ала ақпарат бойынша, ер адам балық аулауға барып, мотоциклі аударылып, аяғынан жарақат алған. Іздеу жұмыстары шамамен 24 сағатқа созылды, оған құрлықтағы күштер мен еріктілер қатысты. Ер адам табылды, деп атап өтті министрлік.
Тікұшақта экипаж мүшелері мен құтқарушылар болған. Борттағылардың барлығы тірі, қаза тапқандар мен жарақат алғандар жоқ, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігі. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр.
