Павлодар облысында Жамантуз кен орнында көмір өндіру және оны терең өңдеу арқылы гуминді тыңайтқыштар шығару жобасын іске асыру жоспарлануда. Инвестиция көлемі 65 млрд теңгеге бағалануда. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жобаны Павлодар облысының әкімі Асаин Байхановтың өзбекстандық Kaoling Torg компаниясының басшылығымен кездесуінде таныстырды.

Компания басшысы Кахрамон Тошпулатов инвестор толық циклді өнеркәсіптік кешен құруды ниет етіп отырғанын айтты. Жоба аясында 350-ге дейін жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Өңір басшысы бастаманың перспективалы екенін, оның ішінде көмір химиясы мен көмірді терең өңдеуді дамыту тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.

«Жалпы, жоба біз үшін қызықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көмір — біздің стратегиялық активіміз, оны қоршаған ортаға әсерді азайта отырып, тиімді пайдалану қажет екенін атап өтті. Органикалық тыңайтқыштар өндірісіне ерекше назар аударып, оларды облысымыздың ауыл шаруашылығында қолдану мүмкіндіктерін зерделеу қажет», — деді Байханов.

Бейінді басқармаға инвестормен жұмысты жалғастыруды және жобаға қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстанның ірі көмір өндіруші компаниясы «Богатырь Комир» 2025 жылдың қорытындысы бойынша таза пайдасын 43 есеге жуық арттырып, 29,1 млрд теңгеге жеткізгенін жазған болатын. Кәсіпорынның түсімі 192,2 млрд теңгеге, ал операциялық пайдасы 40,4 млрд теңгеге өскен. Компания Павлодар облысындағы Екібастұз кен орнының «Богатырь» және «Северный» кеніштерінде көмір өндіреді.