Павлодар облысында 14 жыл бұрын жасалған адам өлтіру қылмысы ашылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, 2012 жылы Павлодар қаласындағы саяжай алқаптарының бірінің аумағынан зорлық белгілері бар егде жастағы әйелдің мәйіті табылған.
Аталған қылмыстық іс ұзақ уақыт бойы ашылмаған қылмыстар қатарында болған. Соған қарамастан, күдіктіні анықтау бойынша жұмыс тоқтатылмаған.
Прокурорлар мен жедел-тергеу тобы жүргізген жұмыстардың, сондай-ақ криминалистикалық зерттеудің заманауи әдістерін қолданудың нәтижесінде қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Павлодар облысы Успен ауданының 62 жастағы тумасы ұсталды.
Бірқатар сот сараптамасы жүргізіліп, қажетті дәлелдемелер жиналған. Осыдан кейін қылмыстық іс сотқа жолданды.
