Ресейдің Қаржы мониторингі қызметі (Росфинмониторинг) Telegram негізін қалаушы Павел Дуровты террористер мен экстремистер тізіміне енгізді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тізімде Дуровтың толық аты-жөні мен туған күні көрсетілген: «Дуров Павел Валерьевич, 10 қазан 1984 жыл, Ленинград қаласы».
Бұған дейін Ресей билігі Дуровты террористік әрекетке жәрдемдесу бойынша айыптаған болатын. Сондай-ақ кәсіпкерді халықаралық іздеуге жариялау рәсімі басталды.
Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) мәліметінше, Telegram әкімшілігі украин арнайы қызметтері, сондай-ақ террористік және экстремистік ұйымдар Ресей аумағында терактілерді, жаппай кісі өлтірулерді және алаяқтық схемаларды дайындау мен үйлестіру үшін пайдаланған арналарды, чаттарды және боттарды жоймаған.
Ведомство 2022 жылдан бастап Ресейде Telegram арқылы жасалған 153 мыңға жуық қылмыс тіркелгенін хабарлады. Олардың қатарында «Крокус Сити Холлдағы» теракт, Дарья Дугина, Максим Фомин (Владлен Татарский) және бірқатар ресейлік әскерилердің өлтірілуі аталды.
Ресей билігінің мәліметінше, Роскомнадзор Telegram әкімшілігіне заңсыз контентті жою туралы 150 мыңнан астам талап жіберген, бірақ олар орындалмаған.
Бұған дейін Ресей Мемлекеттік Думасының ақпараттық саясат комитетінің төрағасы Сергей Боярский Дуровқа қатысты қылмыстық іс Ресей билігінің Telegram-ға қатысты саясатына байланысты емес екенін мәлімдеді.
Адвокат Владимир Жеребенковтың айтуынша, кінәсі дәлелденген жағдайда Дуровқа өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қауіп төндіруі мүмкін. Сонымен қатар, Мемлекеттік Думада Telegram заң талаптарын орындаса, Ресейде жұмысын жалғастыра алады деп есептейді.
Ал Telegram-ның ресми аккаунты X әлеуметтік желісінде мессенджер негізін қалаушы Павел Дуровқа қатысты қылмыстық іс туралы жаңалыққа реакция білдірді. Жарияланымда кәсіпкердің ортаңғы саусағын көрсетіп, әдепсіз ым жасаған фотосы пайда болды.
