АҚШ-тың НАТО жанындағы тұрақты өкілі Мэттью Уитакердің айтуынша, Вашингтон мен Киев арасында Patriot әуе қорғаныс жүйесіне арналған зымырандарды шығаруға лицензия беру туралы ықтимал келісім осы қысқа дейін жасалмайды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
"Patriot жүйесіне арналған зымырандарды өндіру бойынша ұзақ мерзімді келісім осы қысқа дейін жасалмайды", – деді Уитакер Fox Business арнасына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр, алайда АҚШ әзірге бұл мәселе бойынша ресми түрде жариялайтын нақты шешім қабылдамаған.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Ақ үй басшысы Дональд Трамппен жабық форматта келіссөз өткізген болатын. Кездесу қорытындысы бойынша Зеленский АҚШ басшысы Киевке Patriot жүйесіне арналған зымырандарды өндіру лицензиясын беруге келіскенін айтқан.
Алайда Дональд Трамп кейінірек Вашингтон бұл мәселе бойынша әлі түпкілікті шешім қабылдамағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай технологияларды беру мәселесіне өте сақ қарау қажет, себебі оларды алған елдер бұл қаруды болашақта АҚШ-қа қарсы қолдануы мүмкін.
