Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгертуі мүмкін жаңа Конституциялық заң жобасы талқыланып жатыр, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

Желіде тараған құжатқа сәйкес, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап қазіргі Парламенттің өкілеттігі тоқтатылып, оның орнына Құрылтай сайлауы өтеді. Бұл елдің саяси құрылымына елеулі жаңалық әкелмек.

Заң жобасында көрсетілгендей, Конституцияға өзгерістер енгізілген соң бір ай ішінде Президент Құрылтай сайлауын жариялауы тиіс. Ал сайлау науқаны екі айдың ішінде өтуі керек.

Тағы бір маңызды жаңалық – елде вице-президент лауазымын қайта енгізу ұсынылды. Оны Президент Құрылтайдың келісімімен тағайындайды. Алайда, бұл лауазымның өкілеттіктеріне қатысты жобаның екі нұсқасында айырмашылық бар.

Заң жобасының 31 қаңтардағы алғашқы нұсқасында вице-президенттің міндеттері кеңінен жазылған:

«– Президенттің тапсырмасы бойынша халықаралық аренада ҚР мүддесін білдіреді;– Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде Президенттің атынан өкілдік етеді;– Президенттің тапсырмасы бойынша ҚР және шет мемлекеттердің қоғамдық-саяси, ғылыми, мәдени-ағартушылық ұйымдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;– Президент айқындайтын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.»

Ал 12 ақпандағы жаңартылған нұсқада бұл міндеттер айтарлықтай қысқартылған:

««Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде оның атынан өкілдік етеді, сондай-ақ Президент айқындайтын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады».»

Фото: Әлеуметтік желіден