Исламабадтағы ірі мемлекеттік аурухана – Пакистан медицина ғылымдары институтында болған өртте 14 нәресте қаза тапқан еді. Осы өрттен жалғыз тірі қалған нәрестені құтқарған пакистандық мейірбике елдің ең беделді азаматтық наградаларының бірімен марапатталады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Associated Press басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сәрсенбі күні Исламабадтағы Пакистан медицина ғылымдары институтының перзентхана бөлімінде өрт шықты. Әлеуметтік желілерде кең таралған бейнебақылау камерасының 51 секундтық үзіндісінде Разия Нориннің жанған балалар бөлмесіне жүгіріп кіріп, бірнеше секундтан кейін қолында нәрестемен шыққаны көрінеді. Ол қайта кіруге тырысқанымен, жалын мен қою түтін кедергі болған.

Норин жексенбі күні Samaa TV телеарнасына берген сұхбатында көзіне жас алып, бұл оның борышы екенін айтты. «Мен мұны марапат үшін істеген жоқпын. Мен балаларды жақсы көремін, оларға қамқорлық жасау – менің құштарлығым», – деді ол. Ол басқаларды да құтқарғысы келгенін, бірақ «өрт бөлмеге екі минут ішінде тарағанын» айтты.

Норин басқа нәрестелерді құтқара алмағанына қатты қайғырып, бұл оны әлі де мазалайтынын жеткізді. «Мен ұйықтай алмаймын. Сол балалар маған ұйқы бермейді», – деді ол.

Ол «Ситара-и-Хидмат» (Қызмет жұлдызы) наградасымен марапатталады. Бұл – Пакистанның азаматтық қызметтегі ерекше еңбегі үшін берілетін жоғары мемлекеттік наградалардың бірі.