Пәкістан астанасы Исламабадтағы шииттер мешітінде жұма намазы кезінде жойқын жарылыс болып, салдарынан 31 адам қаза тауып, 169 адам жарақат алды, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Қайғылы оқиға Тарлай Калан ауданында орналасқан Хадиджа Тул Кубра мешітінде тіркелді. Алдын ала мәлімет бойынша, шабуылды жанкешті-лаңкес жасаған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Исламабадтағы лаңкестік актінің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Президент Асиф Али Зардари мен Премьер-министр Шахбаз Шарифке көңіл айтты.
Қазақстан Президенті қастандық әрекетті қатаң айыптады. Сонымен қатар құрбан болған азаматтар мен жарақат алған адамдардың туған-туыстарын сабырға шақырып, Пәкістан халқының қайғысына ортақ екенін жеткізді.
Қазіргі уақытта жергілікті полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шәріп қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.
Фото: Әлеуметтік желіден
