Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан президенті Асиф Али Зардари мен премьер-министр Шахбаз Шарифті ұлттық мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақорданың хабарлауынша, жеделхатта Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанның орнықты даму жолында айтарлықтай табысқа жеткенін атап өтіп, екіжақты және халықаралық күн тәртібінің ауқымды мәселелері бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ұдайы бейіл екенін білдірді.

Қазақстан президенті премьер-министр Шахбаз Шарифтің екі елдің өзара ықпалдастығына тың серпін беретін Астанаға мемлекеттік сапарына ерекше ден қойып отырғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Асиф Али Зардари мен Шахбаз Шарифке жауапты қызметтерінде табыс, ал достас Пәкістан халқына құт-береке тіледі.