Америкалық рэпер Шон Комбс, яғни P. Diddy лақап атымен танымал әншінің адвокаттары оның мүддесін одан әрі қорғаудан бас тартты. Себебі төленбеген шоттар мен тараптар арасындағы байланыстың толық үзілуі. Заңгерлер соттан істен шығуға рұқсат беруді сұрады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Sher Tremonte фирмасы Комбсты 100 миллион доллардан астам сомаға бағаланған жала жабу туралышулы істе қорғаған. Алайда адвокаттардың айтуынша, рэпер жарты жылдан астам уақыт бойы қаламақыны, сот шығындарын және басқа да шығыстарды төлемеген.

«Комбс қаламақының, шығындардың және шығыстардың едәуір қалдығын төлемеді», — деді фирманың серіктесі Майкл Тремонте.

Заңгерлер сонымен қатар соңғы төрт ай ішінде P. Diddy уақтылы және мазмұнды келіссөздерге қатысудан бас тартқанын мәлімдеді. Нәтижесінде ынтымақтастық іс жүзінде тоқтатылды, ал адвокаттар оның мүддесін тиімді қорғай алмайтын жағдайға жетті.

Комбстың өзі заңгерлік командасын бірінші болып ауыстыруды шешкенін мәлімдеді. Рэпер фирманы қызмет құнын асыра бағалады және онымен келісілмеген шоттарды ұсынды деп айыптады. Sher Tremonte бұл айыптауларды жоққа шығарды.

Комбстың талап-арызы музыкалық менеджер Кортни Берджеске, адвокат Ариэль Митчеллге және NewsNation телеарнасына иелік ететін Nexstar медиакомпаниясына қарсы бағытталған. Рэпер оларды атақты адамдар мен кәмелетке толмағандарға жасалған сексуалдық зорлық-зомбылық туралы бейнежазбалар бар деген жалған мәлімдемелерді таратты деп айыптайды.

P. Diddy қазір 50 айлық мерзімін өтеп жатыр. Алқабилер оны рэкет және секс-сауда айыптаулары бойынша ақтады, бірақ жезөкшелікпен айналысу үшін адам тасымалдаудың екі эпизоды бойынша кінәлі деп таныды.