Түркістан облысындағы Отырар қалашығында ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, «Қазқайтажаңарту» РМК мамандары көне құрылыс технологияларын қолдана отырып, көне кешеннің жекелеген бөліктерін қалпына келтіріп жатыр.
Қандай жұмыстар атқарылды?
Қалашық аумағындағы тұрғын үйлер қабырғаларының жекелеген бөліктері бекітіліп, зақымданған тұстары жөнделді. Ежелгі ошақтың сылақ қабаттары да қалпына келтірілді. Сонымен қатар кіреберіс жол ретке келтіріліп, бүлінген сылақ қабаты жаңартылды.
Қоршау орды қорғау
Қалашықты айнала қоршаған орды жауын-шашынның әсерінен қорғауға ерекше көңіл бөлінді. Оның бетіне сабан араластырылған арнайы сылақ жағылды. Дәстүрлі әдіспен дайындалған бұл қоспа қорғаныш қабатын нығайтып, түрлі сыртқы әсерден болатын бүлінуді азайтады.
Бұл жұмыстар Отырар қалашығының тарихи келбетін сақтауға және оны болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған.
