Отбасылардың әл-ауқатын бағалаудың пилоттық жобасы жыл соңында аяқталады. Бұл туралы вице-премьер Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап.

Цифрлық карта банктермен интеграцияланады

Биыл желтоқсанда Отбасының цифрлық картасын екінші деңгейлі банктердің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жоспарланып отыр. Осыдан кейін пилоттық жоба аясында бірінші кезекте "А" және "В" санаттарына жататын азаматтардың әл-ауқаты бағаланады. Сынақ кезеңі бір айға созылады.

Мұқтаждық қағидаты кезең-кезеңімен енгізіледі

"Атаулы әлеуметтік қолдау көрсету бөлігінде жыл соңына дейін отбасылардың әл-ауқатын бағалаудың жаңа цифрлық тәсілдерін пилоттық сынақтан өткізу аяқталады, мұқтаждық қағидатын енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталады", — деді Жұманғарин үкіметтің бүгінгі отырысында. Ал келесі жылдан бастап жәрдемақыға мұқтаждық принциптері кезең-кезеңімен енгізіледі.