Өскеменде патрульдік полиция қызметкеріне екі ер адам шабуыл жасады. Олар жасөспірімге көмекке келген тәртіп сақшысына күш көрсеткен, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Оқиға 22 наурызда Сағадат Нұрмағамбетов көшесінде болған. Патрульдік полиция қызметкеріне бір жасөспірім жүгініп, екі мас адамның өзіне тиісіп жатқанын айтқан. Алайда оқиға орнына келген полицейдің заңды талабына бағынбаған екеу оған шабуыл жасаған.

Бейресми дереккөздердің мәліметінше, күдіктілер полицейдің табельдік қаруын тартып алып, оған оқ атқан. Салдарынан жарақат алған тәртіп сақшысы ауруханаға жеткізілген.

««Оқиғадан кейін күдіктілер ізін жасырған, алайда көп ұзамай екеуі де анықталып, қолға түсті. Қару тәркіленді. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады полиция департаменті.»

Өскемен қалалық полиция басқармасы билік өкіліне қатысты оның қызметтік міндеттерін орындауына байланысты адамдар тобымен өміріне қауіпті зорлық-зомбылық көрсету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.