Орталық Азияда су тапшылығы күшейсе, азық-түлік қымбаттап, миллиондаған адамның көшуіне себеп болуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, мәселені шешу үшін аймақ елдері су ресурстарын бірлесіп басқаруы керек. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Су қоры азайып барады

Орталық Азиядағы су тапшылығына халық санының өсуі, климаттың өзгеруі және мұздықтардың еруі әсер етіп отыр. Аймақтағы негізгі су көздері – Әмудария мен Сырдария өзендерінің ағыны да азаюы мүмкін. БҰҰ болжамы бойынша 2050 жылға қарай осы екі өзен алабындағы су ағыны 15%-ға қысқаруы ықтимал.

Ал 2026 жылдың басында су аз болған қыс-көктем кезеңіне байланысты Әмудария алабына келетін су көлемі қалыпты деңгейдің 66,8%-ына дейін төмендеген. Еуразиялық даму банкінің 2024 жылғы деректеріне сәйкес, Орталық Азияда 10 миллионға жуық адам қауіпсіз ауыз су көздеріне қол жеткізе алмайды. Сонымен қатар су құбыры желілері мен су бұру жүйелерінің тозу деңгейі 80%-ға дейін жетеді, ал су тарату кезіндегі шығын 55%-ға дейін бағаланады.

Су тапшылығы неге әкелуі мүмкін?

Сарапшылардың айтуынша, су жетіспеушілігі ауыл шаруашылығына, энергетикаға және халықтың тұрмысына тікелей әсер етеді. Аймақтағы су ресурстарының 80-90%-ы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Су азайған жағдайда егін өнімділігі төмендеп, азық-түлік бағасы өсуі мүмкін. Бұған қоса, кейбір елді мекендерде ауыз су сағатпен берілуі, ал су тапшылығы жұмыссыздық пен әлеуметтік шиеленісті күшейтуі ықтимал.

Ресей Ғылым академиясының Су проблемалары институтының гидрологы Михаил Болговтың пікірінше, су тапшылығы аумақтық қақтығыстарға және заңсыз көші-қонның күшеюіне әкелуі мүмкін.

Елдер қандай шаралар қабылдап жатыр?

Аймақ мемлекеттері суару жүйелерін жаңғыртып, су ресурстарын цифрлық бақылау мен суды үнемдеу технологияларын енгізіп жатыр. Сарапшылар тамшылатып суаруды кеңінен қолдану су шығынын дәстүрлі әдістермен салыстырғанда 30-40%-ға азайтуы мүмкін екенін айтады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін БҰҰ құрылымында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтерген болатын. Мұндай ұйым мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, су ресурстарын тиімді басқаруға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік беруі мүмкін.

Сондай-ақ аймақта су мен энергияны өзара тиімді айырбастау тәжірибесі қолданылады. Мәселен, Қазақстан мен Өзбекстан Қырғызстанға қысқы кезеңде электр энергиясы мен көмір жеткізу арқылы оның су қоймаларындағы қорды жазға дейін сақтауға көмектеседі.

Сарапшылардың пікірінше, су тапшылығын тежеу үшін Орталық Азия елдері су ресурстарын әділ бөлу, инфрақұрылымды жаңарту және Ауғанстанды қоса алғанда, барлық мүдделі мемлекеттермен келіссөз жүргізу бағытында бірлесіп әрекет етуі қажет.