Орталық Азияда туризм саласы қарқынды дамып келеді. Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан туризмге инвестиция көлемін арттырып, инфрақұрылымды жетілдіруде. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

World Travel & Tourism Council (WTTC) ұйымының есебіне сәйкес, Орталық Азияда туризмнің жалпы ішкі өнімге қосқан үлесі бір жыл ішінде 17,7%-ға артты. Салыстырсақ, Солтүстік-Шығыс Азияда бұл көрсеткіш 8,7%-ға, ал Оңтүстік-Шығыс Азияда 7,6%-ға өсті.

Жұмыспен қамту өсімі

Орталық Азия туризм саласындағы жұмыспен қамтудың өсу қарқыны бойынша әлемде көш бастады. Бір жыл ішінде саладағы жұмыс орындарының саны 9,5%-ға көбейді. Ал Сахараның оңтүстігіндегі Африкада өсім 4,8%-ды, Солтүстік Африкада 4,6%-ды құрады.

Шетелдік туристер шығындары

Шетелдік туристердің шығындарын көрсететін Visitor Exports көрсеткіші бойынша да айтарлықтай өсім тіркелді. 2025 жылы Орталық Азияда бұл көрсеткіш 26,4%-ға артты. Салыстырайық, Солтүстік-Шығыс Азияда өсім 10,6%-ды, ал Океанияда 8,3%-ды құрады.

Инвестициялар өсімі

Орталық Азия туризмге салынған инвестициялардың өсу қарқыны бойынша әлемдегі үздік үш өңірдің қатарына енді. Бір жыл ішінде өңірдегі туризм саласына бағытталған инвестициялар көлемі 12,4%-ға артты.

Экономикаға қосқан үлес

2025 жылдың қорытындысы бойынша туризм секторының Орталық Азия экономикасына қосқан жиынтық үлесі 20,1 млрд АҚШ долларын немесе өңір экономикасының жалпы көлемінің 4,3%-ын құрады. Салыстырсақ, пандемияға дейінгі 2019 жылы бұл көрсеткіш 15,8 млрд АҚШ долларын немесе экономиканың 4,5%-ын құраған. Осылайша, алты жыл ішінде туризмнің экономикаға қосқан үлесі ақшалай мәнде 27,1%-ға артты.

Жұмыспен қамту

Туризм саласы өңір экономикасын қалыптастырумен қатар, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуде де маңызды рөл атқарады. 2025 жылы Орталық Азияда туризм секторы шамамен 1,7 млн жұмыс орнын қамтамасыз етті. Бұл өңірдегі жалпы жұмыспен қамтудың 5,8%-ына тең.

Көрсеткіштердің динамикасы төмендегідей: - 2019 жыл — 1,6 млн жұмыс орны (жалпы жұмыспен қамтудың 6,0%-ы); - 2025 жыл — 1,7 млн жұмыс орны (5,8%); - 2026 жыл (болжам) — 1,7 млн жұмыс орны (5,9%); - 2036 жыл (болжам) — 2,2 млн жұмыс орны (6,3%).

Басқаша айтқанда, бүгінде Орталық Азиядағы әрбір 17-інші жұмыс орны туризм саласына тиесілі. Болжамға сәйкес 2036 жылға қарай өңірдегі туризм саласындағы жұмыспен қамту 2,2 млн жұмыс орнына дейін ұлғаюы ықтимал. Бұл 2026–2036 жылдар аралығында қосымша шамамен 400 мың жұмыс орны ашылады дегенді білдіреді.

Туристік ағынды қалыптастыратын елдер

WTTC деректеріне сәйкес 2025 жылы Орталық Азияға туристер ең көп келген елдер: - Қазақстан — 29%; - Өзбекстан — 22%; - Ресей — 20%; - Қырғызстан — 19%; - Қытай — 2%; - әлемнің басқа елдері — 8%.

Орталық Азия тұрғындарының бағыттары

2025 жылы Орталық Азия тұрғындары ең көп таңдаған бағыттар Өзбекстан мен Қазақстан болды: 25% және 23%. Одан кейін Қырғызстан (18%), Ресей (16%) және Түркия (6%) елдері орналасқан.

Осылайша, Қазақстан мен Өзбекстан өңірдің туризм нарығында жетекші орынға ие. Олар Орталық Азияға келетін туристік ағынның негізгі бөлігін қалыптастырып қана қоймай, өңір тұрғындары ең жиі баратын туристік бағыттардың қатарында да көш бастап тұр.