Орталық Азия елдерінде жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығы әртүрлі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан
Қазақстанда ең төменгі негізгі ақылы еңбек демалысы 24 күнтізбелік күнді құрайды. Бес күндік жұмыс аптасында демалысқа сәйкес келген сенбі мен жексенбі демалыс мерзіміне кіреді, алайда демалыс ақысы жұмыс күндеріне қарай есептеледі.
2025 жылы Қазақстанда бір жалдамалы қызметкерге орта есеппен 26,4 демалыс адам-күні келген. Бұл көрсеткіш қосымша ақылы демалыстарды да қамтиды.
Айта кетері, демалыс ұзақтығы кейбір мамандықтар үшін негізгі 24 күнтізбелік күннен әлдеқайда ұзақ. Мысалы, педагогтердің жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы 56 күнтізбелік күнді құрайды.
Сонымен қатар зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге қосымша демалыс беріледі. 2025 жылы мұндай жеңілдікті 559,1 мың жұмысшы пайдаланған.
Қырғызстан
Қырғызстанда жыл сайынғы ең төменгі ақылы еңбек демалысы – 28 күнтізбелік күн. Демалыс кезеңіне түскен сенбі мен жексенбі де есепке алынып, төленеді.
Тәжікстан
Тәжікстанда негізгі еңбек демалысы – 24 күнтізбелік күн. Қазақстандағыдай демалыс ұзақтығы 24 күн болғанымен, айырмашылығы – бес күндік жұмыс аптасында демалысқа түскен сенбі мен жексенбі де төленеді.
Түрікменстан
Түрікменстанда ең төменгі жыл сайынғы еңбек демалысы – 30 күнтізбелік күн. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш. Бес күндік жұмыс аптасында демалысқа түскен демалыс күндері де төленеді.
Өзбекстан
Өзбекстанда ең төменгі еңбек демалысы – 21 күнтізбелік күн. Сенбі мен жексенбі демалыс мерзіміне кіреді. Алайда 2025 жылғы ақпаннан бастап демалыс ақысын есептеу кезінде жексенбі күндері есепке алынбайды, ал сенбі күндері төленеді.
