Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары барысында орманды қорғау саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуын тексерді, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
Үкімет басшысы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін орман және дала өрттерін ерте анықтау жүйесінің қалай жұмыс істейтінін көрді. Бұл технология өрт ошағын алыс қашықтықтан және кез келген ауа райында анықтауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Олжас Бектеновтің, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың, ТЖ министрі Шыңғыс Әріновтің және Абай облысының әкімі Берік Уәлидің қатысуымен орман өртін имитациялау арқылы арнайы оқу-жаттығу өткізілді. Мамандар цифрлық технологиялардың тиімділігін және өрт сөндіру қызметтерінің өзара іс-қимыл алгоритмін көрсетті.
Жаңа жүйе заманауи тепловизорлық және оптикалық камераларды қолдана отырып, тәулік бойы видеомониторинг жасайды. Өрт немесе түтін анықталған кезде, жүйе бірден Жедел басқару орталығына дабыл береді. Бұл өрт ошағын тез арада оқшаулап, жоюға мүмкіндік береді. Осындай орталықтар «Семей орманының» барлық 10 филиалында ашылған.
Президенттің тапсырмасы бойынша өртті ерте анықтау технологиясы бүкіл ел бойынша кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Ақмола облысының бес орман шаруашылығында, Астана маңындағы екі қорықта, сондай-ақ Қарқаралы және Баянауыл табиғи парктерінде жұмыстар жүргізілуде. Шілде айында Қазақстанның өрт қаупі жоғары 24 табиғи паркі мен қорығын қамту жоспарланып отыр.
««Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз орман қорын қорғаудың жаңа стандарттарын енгізіп жатырмыз. Төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған жүйелі шаралар қабылдануда. Технологияны тікелей патрульдеумен нығайту қажет екенін ұмытпау керек. Сондықтан орман күзетінің жұмысы өрт қауіпті кезеңде тұрақты жүргізіліп, барлық қауіпті аймақтарды қамтуы тиіс. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының міндеттеріне толық сәйкес келеді», — деді Олжас Бектенов.»
—
Премьер-министр жұмысты жеделдетіп, цифрлық технологиялардың сапалы енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар ол Краснокордон орманшылығы аумағында болып, «Семей орманы» шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстарымен танысты.
