Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) оқушылардың мектепке орамал тағып баруына қатысты өз ұстанымын жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мүфтияттың мәлімдеуінше, ислам шариғаты бойынша балиғат жасына жеткен мұсылман қызға орамал тағу – парыз. ҚМДБ бұған дейін де осы ұстанымды ашық білдіріп, мектеп жасындағы қыздардың білім алуына кедергі келтірмей, діни міндетін орындауына мүмкіндік беретін оңтайлы шешім қабылдау жөнінде тиісті органдарға ұсыныстарын жеткізген.
Атап айтқанда, мектеп формасының жалпы үлгісі мен түсіне үйлесетін орамалға рұқсат беру ұсынылған. Басқармада оқушының орамал тағуы оның білім алуына кедергі болмауы тиіс екенін атап өтті.
Лицензиядан айыру құпталмайды
ҚМДБ орамал тағуға мүмкіндік берген жекеменшік мектептерді лицензиядан айыру секілді қатаң шараларды қолдануды құптамайды. Басқарманың пайымынша, білім беру ұйымдарының мұсылман қыздардың діни ұстанымына түсіністік танытуы мектепті лицензиядан айыруға негіз болатын мәселеге айналмағаны жөн.
Зайырлылық туралы ескерту
Басқарма зайырлылық - дінді жоққа шығару немесе азаматтың діни сенімін шектеу деген сөз емес екенін еске салып, орамалға тыйым салу және оны әкімшілік шаралар арқылы шешу қоғамдағы түсініспеушілікті ушықтыруы мүмкін екенін ескертті.
Министрлікке ұсыныс
ҚМДБ Оқу-ағарту министрлігіне және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдарға мектеп формасының талаптарын сақтай отырып, балиғат жасына жеткен мұсылман қыздардың орамал тағуына мүмкіндік беретін нақты құқықтық тетіктерді қарастыруды ұсынады.
Еске салайық, жақында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова биылғы оқу жылында хиджаб киіп келу жағдайлары тіркелсе, мектеп лицензиясын қайтарып алу сияқты шара қолданылатынын ескерткен болатын.
