Оралдық 12 жастағы оқушы Әлихан Нысанбаев АҚШ-та өткен халықаралық дрон жарысында үздік бестікке еніп, ел намысын абыроймен қорғады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Орал қаласындағы №28 мектеп-лицей мен облыстық балалар техникалық шығармашылық орталығының оқушысы, 12 жастағы Әлихан Нысанбаев дрон спорты бойынша Қазақстанның атын халықаралық деңгейде танытып жүр.
Ол Қазақстан құрамасы сапында АҚШ-тың Лонг-Бич қаласында, Қытайда, Сауд Арабиясында және Сербияда өткен халықаралық дрон жарыстарына қатысқан. Бұл жолы жас спортшы АҚШ-тың Даллас қаласында бақ сынады.
Әлиханның жетістігі туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне оның әкесі Бақтыбек Нысанбаев айтып берді. Әлихан авиаүйірмеге қатысып, дрон спортымен айналысып жүргеніне үш-төрт жыл болған.
Оралдағы облыстық балалар техникалық шығармашылық орталығында оның алғашқы ұстазы Айбек Мирғалиев болған.
Екі жыл бұрын Әлихан алғаш рет Сауд Арабиясында өткен халықаралық чемпионатқа қатысқан. Ол кезде жеңімпаз атанбағанымен, әлемдік деңгейдегі жарыстың тыныс-тіршілігімен танысып, дрон спортына деген қызығушылығы одан әрі арта түскен.
«Далласқа барғанда ол бұған дейін жеңімпаз атанған көшбасшылармен тағы да бақ сынасты. Жарыста әртүрлі компанияның дрондары болды. Бірінің дроны жеңіл әрі жылдам ұшса, екіншісінің моторы қуатты болды. Әлихан осындай мықты қарсыластармен жарысты», – дейді Бақтыбек Нысанбаев.
Жапония, Оңтүстік Корея және Қытай сияқты технологиясы дамыған елдердің үздік дроншыларының көбі ересек спортшылар болған. Олардың арасында 12 жастағы Әлиханның да бәсекеге түсуі Қазақстанның бұл спорт түрінен де әлеуеті бар екенін көрсетті.
«Әлихан дронды арнайы бөлшектерден өзі құрастырып, өзі ұшырады. Жарыс ережесі бойынша қатысушылар дрондарын кедергілерден өткізіп, мәреге барынша жылдам жетуі керек. Дрон спорты бойынша Қытай алдыңғы қатарда. Биылдан бастап дронды өзі құрастыра бастады», – дейді әкесі.
Әлиханның алғашқы ұстазы – Айбек Мирғалиев. Сондай-ақ жас спортшының халықаралық жарыстарға қатысуына қолдау көрсететін қазақстандық демеуші-менеджері және оның шеберлігін шыңдауға көмектесетін Беларусь азаматы бар.
