Оралда қоғамдық көлікте бұзақылық жасаған жолаушы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға №9 бағыттағы автобуста болған. Облыстық соттың мәліметінше, жолаушы басқа жолаушылардың, оның ішінде балалардың көзінше кондукторға балағат сөздер айтып, оны итерген. Сондай-ақ ол жолақы төленгені туралы түбіртекті көрсетуден бас тартқан.

Азаматтың құқыққа қайшы әрекетіне байланысты оқиға орнына полиция шақырылған. Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды.