Орал қаласында ер адам банкоматтың ақша қабылдайтын ұяшығында қалып қойған өзге адамның ақшасын алып кеткен. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, сауда үйлерінің бірінде әйел банкомат арқылы 600 мың теңгеден астам ақша салған. Алайда техникалық ақауға байланысты қаражат оның шотына түспей, банкоматтың ақша қабылдайтын бөлігінде қалып қойған. Әйел ақша шотқа түсті деп ойлап, банкоматтан кетіп қалған.
Біраз уақыттан кейін келген ер адам банкоматта қалып қойған ақшаны алып кеткен. Полиция қызметкерлері Орал қаласының 45 жастағы тұрғынын ұстады. Қылмыстық іс жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарға банкомат арқылы ақша салған кезде қаражаттың шотқа түскеніне және операцияның толық аяқталғанына көз жеткізбей, банкоматтан кетпеу керектігін ескертті.
