Орал қаласында халықаралық іздеуде жүрген күдікті ұсталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Облыстық полицияның мәліметінше, ер адамға былтыр ақпан айында халықаралық іздеу жарияланған. Ол алаяқтық жолмен қайырымдылық мақсатында жиналған 88 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген.

Күдікті арнайы операция барысында Орал қаласында қолға түсті. Ұстау кезінде ер адам полиция қызметкерлерінен жасырынуға тырысып, жеке үйдегі шкафтың ішіне тығылған. Алайда тәртіп сақшылары оның тұрған жерін анықтап, уақытша ұстау изоляторына қамады.

Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігіне (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) сәйкес, кінәлі адамға жымқырылған мүліктің үш еселенгеннен бес еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салу немесе бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.