Батыс Қазақстан облысында 35 жастағы әйел білім беру саласына қатысты түрлі қызмет көрсетемін деген желеумен тұрғындардың ақшасын иемденген, деп хабарлайды Polisia.kz. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қыркүйек айында облыстық полиция департаментіне Орал қаласының тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, бір әйел жоғары оқу орнында ақылы негізде білім алып жүрген ұлын грантқа ауыстырып беруге уәде етіп, 50 мың теңгесін алдап алған.
Тергеу барысында күдіктінің Орал қаласы мен облыс аудандарының тұрғындарына білім беру саласына қатысты түрлі мәселелерді шешіп беруге уәде етіп, олардың қаражатын иемденгені анықталды.
«Атап айтқанда, ол педагогтердің санаттық тестілеуден өтуіне көмектесіп, шекті балл жинап беретінін айтып, бір тұрғыннан 60 мың теңге, екіншісінен 120 мың теңге алған. Сондай-ақ бірнеше адамға магистратураға түсуге және жоғары оқу орнының дипломын алуға көмектесетінін айтып, ақшаларын иемденген», - деп жазылған хабарламада.
Күдікті уәде еткен қызметтері үшін тұрғындардан 50 мыңнан 500 мың теңгеге дейін алдын ала төлем алған. Осыдан кейін жәбірленушілер полицияға арызданған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Орал қаласының 35 жастағы тұрғыны болып шықты.
Аталған деректер бойынша тоғыз эпизодтан тұратын қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілді. Қазіргі уақытта іс сотқа жолданды.
