Орал тұрғыны ауруханадан моральдық шығын ретінде 4 млн теңге өндіріп алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол әкесі дәрігерлердің салғырттығынан көз жұмғанын айтып, бірден полицияға шағым түсірген. Алайда қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмағандықтан, тергеу тоқтатылған.
Кейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменті жүргізген тексеру барысында науқасқа медициналық көмек көрсету кезінде заңбұзушылықтар анықталған. Осыдан кейін қала тұрғыны сотқа талап арыз берген.
Сот материалына сәйкес, 58 жастағы ер адам бірнеше рет медициналық көмекке жүгінген. Алайда дәрігерлер оның мас болғанын алға тартып, тексеруден бас тартқан. Марқұмның ағзасындағы алкоголь мөлшеріне зерттеу жүргізілмеген, деп жазылған Жоғарғы сот хабарламасында.
Денсаулық сақтау басқармасының call-орталығына хабарласқаннан кейін ғана ол ишемиялық инсульт диагнозымен терапия бөліміне жатқызылған. Алайда емдеу кеш басталғандықтан, ер адам келесі күні қайтыс болған.
Сот отырысында прокурор талап арызды ішінара қанағаттандыруды сұрады. Ал аурухана өкілі талапты толықтай мойындамаған. Сот шешімімен талап ішінара қанағаттандырылып, моральдық зиянды өтеу үшін талап қоюшының пайдасына ауруханадан 4 млн теңге өндірілді.
