Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қыркүйек айының атауын «қыргүйек» деп жазуға қатысты өз ойын айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Министр әлеуметтік желідегі пікірталасты көріп, өзі де бұл мәселені зерттегенін айтты. Ол Рабиға Сыздықтың ғылыми зерттеулеріне жүгінгенін, 80-жылдардан бастап емлеге өзгеріс енгізу мәселесі талқыланғанын жеткізді.
«Бірақ мен өзім "қыркүйек" деп жазамын, "к"-ны қолданамын. Бізді кезінде солай үйреткен», - деді Сүлейменова үкіметтегі брифингте.
Оның айтуынша, 2000 жылдары жасалған зерттеулер бойынша халықтың 93 пайызы «қыркүйек» сөзін қолданады. Министр екі нұсқаны да қате деп санауға болмайтынын, бірақ ғалымдардың пікірін тыңдау керектігін атап өтті.
«Менің ойымша, "қыркүйек" те, "қыргүйек" те, ешқайысын да қате деп санауға болмайды. Біздің қолданып жүрген "қыркүйегіміз" – ол қазақ тілінен сабақ берген ұстаздарымыздың үйреткені. Бірақ "Ботакөз" емес, "Ботагөз" деп айтамыз ғой. Сол секілді қазақ тілінде айтылуы мен жазылуы жағынан өзіндік ерекшеліктер бар. Сондықтан ғалымдарымыз, тіл білімі институты "қыркүйек" емес, "қыргүйек" дұрыс деп айтса, оларды тыңдауымыз керек. Ғалымдар осы жерде нүктесін қоюы керек», - деді Сүлейменова.
