ОПЕК+ елдерінің жеті мүшесі 5 шілдеде өткен онлайн кездесуде тамыз айында мұнай өндіруді ұлғайту туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұйымның ресми сайтында жарияланған хабарламада: «Жеті қатысушы ел 2023 жылғы сәуірде жарияланған қосымша ерікті түзетулермен салыстырғанда өндірісті тәулігіне 188 мың баррельге түзетуге шешім қабылдады», — делінген.
Атап өтілгендей, елдер нарықтық жағдайларды мұқият бақылап, бағалауды жалғастырады, сондықтан түзетулер кейіннен толық немесе ішінара кері қайтарылуы мүмкін.
Елдер өкілдері Ынтымақтастық декларациясын, оның ішінде Бірлескен министрлік мониторинг комитеті (БММК) бақылайтын қосымша ерікті өндіріс көлемін түзетуді сақтауға ұжымдық міндеттемелерін растады.
Альянс мүшелері нарық конъюнктурасын, келісімдердің сақталуын және өтемақыларды қарау үшін ай сайынғы кездесулер өткізу ниетін растады. Келесі кездесу 2026 жылғы 2 тамызда өтеді.
Еске салайық, қазіргі уақытта ОПЕК+ құрамына жеті ел кіреді. Олардың қатарында Қазақстан, Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Алжир және Оман бар.
Бұған дейін БАӘ 1 мамырдан бастап ОПЕК және ОПЕК+-тен шығатынын жариялап, бұл шешімді мұнай өндіру квоталарымен келіспеушілікпен түсіндірген болатын.
Сол кезде «Байдильдинов. Нефть» Telegram-арнасының иесі және «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесінің мүшесі Олжас Байдильдинов БАӘ-нің ОПЕК және ОПЕК+-тен шығуы елге әлдеқайда көп мұнай өндіруге мүмкіндік беретінін мәлімдеген еді.
Осыған дейін «Курсив» Қазақстанның ОПЕК+ мұнай экспорттаушы елдер ұйымына қатысу форматын өзгертпейтіні туралы хабарлаған болатын.
