Қазақстанда онкогематологиямен ауыратын балалардың 70%-тен астамы бес жылдан ұзақ өмір сүреді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Самарқанд қаласында өткен Балалар обыры жөніндегі II халықаралық конгресте мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ал жедел лимфобластты лейкоз кезінде бұл көрсеткіш 85%-ға жетеді. Қазақстанда жыл сайын балалардың арасында онкологиялық аурулардың 600-ге жуық жаңа жағдайы анықталады.

«2013 жылдан бері гемопоэздік жасушаларын трансплантаттау бойынша 630-дан астам операция жасалды. Отандық медициналық орталықтардың дамуы балаларды шетелде емдеуге жіберу қажеттілігін біртіндеп азайтуға мүмкіндік беріп отыр», - дейді денсаулық сақтау министрлігі.

Конгресс барысында Ақмарал Әлназарова Орталық Азия елдерін балалардың обырды емдеудің заманауи әдістеріне қолжетімділігін арттыру үшін күш біріктіруге шақырды. Негізгі бағыттардың қатарында диагностиканың дәлдігін арттыру, дәрігерлерді бірлесіп даярлау, CAR-T-терапиясының мүмкіндіктерін зерттеуді қоса алғанда, ғылыми зерттеулерді дамыту, сондай-ақ балаларды ісікке қарсы дәрілік препараттармен қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық бар. Сүйек кемігі донорларының ұлттық тіркелімдерінің арасындағы өзара іс-қимылға да ерекше назар аударылды. Бұл трансплантаттауға мұқтаж балалар үшін үйлесімді донорларды іздеу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.