Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде құрылыста жұмыс істеген қазақстандық қаза тапты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Осы елдің бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға Сочо ауданында таңғы сағат 9:45-тің маңайында болған. 30 жастағы ер адам құрылыс нысанының 23-ші қабатында тазалау жұмыстарын күтіп тұрған.
Сол кезде оның үстіне бетон төбенің бір бөлігі құлаған. Қазақстан азаматы оқиға орнында көз жұмды.
Кореяның еңбек министрлігі құрылыс жұмыстарын тоқтатты. Оқиғаның себебі анықталады.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де Сеулдегі құрылыс алаңында болған жазатайым оқиғаны растады.
"Бұл оқиғаға байланысты Корея Республикасының тиісті органдары тергеу жұмыстарын бастады. Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыс орнатып, оларға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетуіп жатыр", - дейді министрліктің ресми өкілі Жанболат Үсенов.
