Оңтүстік Африка Республикасының президенті Сирил Рамафоса Украинадағы қақтығыс келіссөздер арқылы шешілуі керек деп мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Рамафоса бұл пікірді РИА Новостиге берген сұхбатында айтты. Ол Оңтүстік Африканың бірнеше басқа африкалық елдермен бірге Ресей мен Украинадағы бейбітшілік миссиясына қатысқанын еске салды.

«Естеріңізде болса, Оңтүстік Африка бірнеше басқа африкалық елдермен бірге Ресей мен Украинадағы бейбітшілік миссиясына қатысты. Біздің негізгі ұстанымымыз — қақтығысты келіссөздер арқылы шешіп, бейбіт шешімге қол жеткізу», — деді Рамафоса.

Сонымен қатар ОАР президенті Ресей президенті Владимир Путиннің Украинадағы қақтығысты шешуге деген ниетіне тәнті болғанын жеткізді.

«Президент Путиннің бұл қақтығысты шешуге деген ниетіне қатты тәнті болдым», — деді Рамафоса.

Оның айтуынша, Путин оған бейбітшілікке қол жеткізу және қақтығысты шешу үшін жүріп жатқан әртүрлі процестер туралы айтып берген.

Бұдан бөлек, ОАР президенті Украинадағы қақтығыс Оңтүстік Африкадағы өмірге тікелей әсер етіп жатқанын атап өтті.