Оман Сұлтаны Хейсам бен Тарик Әл Саид алғаш рет Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Соңғы жылдары арабтың көне әрі бай елімен өзара қарым-қатынас нығайып келеді. Ал Таяу Шығыстағы қақтығыс екі мемлекеттің достығын күшейте түсті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақшасы доллардан да қымбат
Оман Арабия теңізінің жағалауында орналасқан. Көршілері Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясы сияқты мұнаймен ақша табады. Дегенмен, Оман әлемге ладанның негізгі өндірушісі ретінде кеңінен танымал. Бұл хош иісті шайырды медицинада, парфюмерияда және діни рәсімдер кезінде жиі пайдаланады.
Ресми діні – ислам. Халықтың басым бөлігі ибадизмі ұстанады. Бұл бағытта төзімділік пен өзге діндерге құрмет жоғары қойылады.
Оман әлемдегі ең қауіпсіз әрі қылмыс деңгейі өте төмен елдердің қатарына кіреді. Ал валютасы ең қымбат және ең тұрақты ақша болып саналады. Оман риалының қазіргі бағамы – 2,60 доллар.
1980 жылдары Оман аймағында үлкен мұнай қоры табылған болатын. Соның арқасында елдің экономикасы жылдам көтерілді. Халықтың саны 5,7 млн адам болса, ішкі жалпы өнімі 117 млрд доллардан асады.
Қазақстанда ат жарыс танымал болса, Оманда түйе жарысын көп көреді. Сосын көшпенді өмір салтын ұстанатын бедуиндер әлі де бар.
Әл Саид әулеті
Оман Сұлтандығын 1744 жылдан бері Әл Саид әулеті басқарып келеді. Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Хейсам бен Тарик Әл Саидке дейін сұлтан Кабус бен Саид Әл Саид болған. 2020 жылы ол 80 жасында көз жұмған.
Қабус бен Саидтың тікелей мұрагері болмағаннан кейін басқарушы әулет кеңесі оның ізбасары ретінде 65 жастағы туысқан інісін сайлады. Оған дейін Хейсам бен Тарик Аль Саид мәдениет және мұра министрі қызметін атқарған.
Бес жыл бұрын Тоқаев алғашқылардың бірі болып жаңадан тағайындалған сұлтанды құттықтаған болатын. Осы аптаның соңында Хейсам бен Тарик Аль Саид 72 жасқа толады.
Оманды 50 жыл басқарған сұлтан Кабустың құрметіне мешіт те салынған. Бұл нысан Таяу Шығыстағы ең үлкен мешіттердің бірі болып саналады.
Екі елдің достығы қалай күшейді
Бүгінде Оман Сұлтаны Ораза айында Тоқаевқа үнемі құттықтау хаттарын жіберіп отырады. Қазақстан президенті де сұлтанға осы елдің Ұлттық күніне орай өзінің жылы лебізін білдіріп тұрады.
Биыл Таяу Шығыстағы қақтығыс кезінде екі елдің достығы күшейе түсті. Сол кезде Оман мыңдаған қазақстандықты эвакуациялауға көмектесті. Қазақстан азаматтарын көрші елдерден алдымен автобуспен Маскатқа тасымалдаған. Одан кейін репатриялық рейстерге елге қайтарған болатын.
Сонда Тоқаев Оман сұлтанына бірнеше рет хабарласқан. Артынан Хейсам бен Тарик Аль Саид эвакуациялау мәселесіне тікелей араласқаны үшін алғысын да айтып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақыратынын тағы да растаған болатын.
Ал сәуір айында Қазақстанға Оман Сұлтандығы премьер-министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Зиязин бен Хайсам Әл Саид келіп кеткен. Былтыр Оман Сұлтандығы "Ханифа" есімді біреудің арбауына түскен әйелді Қазақстанға қайтаруға да көмектескен.
Визасыз режим бар
Былтыр наурыз айында Оман қазақстандықтар үшін визасыз режимнің мерзімін ұзартқан болатын. Бұған дейін 14 күн болса, қазіргі кезде 30 күн визасыз жүруге болады.
Қазақстан азаматтары Омандағы визасыз режимді тек туризм үшін пайдалана алады. Жұмысқа орналасуға, оқуға және тұрақты тұруға рұқсат жоқ. Омандықтар да Қазақстанда бір айы бойы визасыз жүре алады.
Тікелей әуе рейсі бар
Осыдан үш жыл бұрын Оманның астанасына тікелей әуе рейсін ашу мәселесін талқылана бастады. Тікелей рейстің ашылу салтанаты да өткен. Алайда тұрақты рейстер 2025 жылдың жазында ғана іске қосылды.
Қазіргі кезде омандық SalamAir "Алматы-Маскат" арасында жолаушылар тасымалдайды. Бірақ баға туристік кезеңге байланысты өзгеруі мүмкін. Екі қаланың арасы 3,2 мың шақырымнан асады. SalamAir әлемнің 20-ға жуық еліне 30 бағыт бойынша халықаралық рейстерді орындайды.
