Теміртаулық София Журавлева болашақта педагог немесе психолог боламын деп ойлаған. Алайда түптің түбінде тау-кен ісін таңдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл шешімге келуіне 11-сыныпта физика пәнінен қосымша сабаққа және "МИСИС-ке түскім келеді!" халықаралық олимпиадасына қатысуы себеп болған. Олимпиадаға қатысуға оған осы университетте білім алып жүрген таныстары кеңес берген. Олимпиадаға қалай дайындалғаны және оның қандай артықшылықтар бергені туралы студент Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
Университетке түсуге қалай шешім қабылдадыңыз?
– Мектеп бітірген соң Ресейдегі университеттердің біріне оқуға түскім келді. Бастапқыда педагогика мен психология бағыттарын қарастырдым. Оның үстіне биология пәні де маған үнемі ұнайтын. Алайда 11-сыныпта мамандандырылған орталыққа физикадан қосымша сабаққа бара бастаған кезде бәрі өзгерді. Біріншіден, дәл сол жерде физиканың өзіме жақын пән екенін түсіндім. Екіншіден, орталықта білім алатын оқушылардың деңгейі өте жоғары болды. Олардың көбі кейін МИСИС университетіне оқуға түсті. Олимпиада туралы айтып, оған қатысуға кеңес берген де солар.
Педагогика мен тау-кен ісі – екі түрлі сала. Неліктен бағытыңызды өзгертіп, олимпиадаға қатысуды ұйғардыңыз?
– Техникалық мамандықтардың болашағы зор әрі кәсіби тұрғыда өз-өзіңді танытуға көбірек мүмкіндік беретінін түсіндім. Сонымен қатар өзімді сынағанды ұнатамын. Олимпиада мен үшін дәл осындай сынақ болды. Бұған қоса, оған қатысу оқуға түсу кезінде қосымша балл алуға мүмкіндік береді. Ал қашықтан өткізілуі және қатысудың тегін болуы артық кедергілерді жойды.
Олимпиада үш бағытты қамтиды: математика, физика және орыс тілі. Бұған дейін олимпиадаларға қатысып көрдіңіз бе? Қалай дайындалдыңыз?
– Бұған дейін тек Қазақстан деңгейіндегі мектеп олимпиадаларына қатысқанмын. Ал жоғары оқу орындары ұйымдастыратын олимпиадаларға алғаш рет қатыстым. Сондықтан өзім үшін жаңа форматқа дайындалдым: сайттағы өткен жылдардың тапсырмалары мен сынақ нұсқаларын орындадым. Егер тапсырманы орындай алмасам, оны кейінге қалдырмай, оқытушымен бірге талдайтынмын. Әсіресе бірнеше тақырыпты қамтитын және бірнеше кезеңмен шығарылатын тапсырмалар көп көмектесті. Солар арқылы олимпиаданың форматын жақсырақ түсіндім. Жалпы, ең тиімдісі – өз бетімше дайындалу мен күрделі тапсырмаларды оқытушымен бірге талдауды қатар алып жүру болды.
Олимпиада қашықтан, прокторингпен, яғни бейнебақылау арқылы өтеді. Бұл сізге қобалжу тудырды ма, әлде керісінше ыңғайлы болды ма?
– Басында аздап қобалжыдым, камераға қарап отыру оңай емес. Ешқайда барудың қажеті жоқ, бәрі үйде, өзіңе үйреншікті ортада өтеді. Ең бастысы – техниканы алдын ала тексеріп, үстел үстіндегі артық заттарды алып тастау керек. Негізі, мені көбірек қобалжытқаны – мұндай форматпен алғаш рет кездескенім және оның қалай өтетінін білмегенім еді. Прокторингті ойынмен салыстырар едім: ережелерін түсінген кезде өзіңді әлдеқайда еркін сезінесің.
Олимпиаданың өзі қалай өтті? Кейін ол сізге оқуға түсу кезінде және университеттегі білім алу барысында қандай пайдасын тигізді?
– Әр пәннен кейін қатты қобалжыдым. Барлық тапсырманы мінсіз орындай алмаған шығармын деп ойлап, есептерді қайта шығарып, қай жерден қателескенімді тексеретінмін. Көп жағдайда тапсырмаларды дұрыс орындағаным анықталатын.
